"Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты
уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай
шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын,
бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін
алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не
туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда, нені көтергің,
нені ашып айтқың келеді? …Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін
жазамын".
Ілияс Есенберлин
"Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің ғана емес,
қазақ халқы тарихының төрінен орын алатын дара тұлға".
Нұрсұлтан Назарбаев
Адамның да, ақынның,
Еңбекқор бiрi сен едiң.
Ауыртпай жанын жақынның,
Ақырын жылжып жөнелдiң.
Қадiрiң жұртқа мол едi,
Iзiңдi ұрпақ суытпас.
Сен қалдырған өнердi,
Алғысшыл халқың ұмытпас!
Ғафу Қайырбеков
Арғымағы болса да арық тіпті,
Аламанда, әйтеуір, жарып шықты.
Тірескеннің біразы шыдамады,
Тізесі де қатты еді жарықтықтың!
Саялайтын кісісін саялайтын.
Аялайтын адамын аялайтын.
Ағайын деп жатпайтын,
Ағайынды
Аямайтын жерінде аямайтын!
Елім дейтін, әйтеуір, жерім дейтін.
Ер үстінде ешкімге берілмейтін.
Жазуға да, әрине, жалықпайтын,
Егеске де - шіркін - ай!- ерінбейтін!
Бұл мінез ғой...
Қадыр Мырзалиев
"Ілияс Есенберлин – тарихи
деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты
көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның
ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат бар. Есенберлин
қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап
отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие. Жазушылық
қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген
"Көшпенділер" мен "Алтын Орда" трилогиялары ғылыми ой мен
шығармашылық қиялдың тамаша синтезі деуге болады". Құныпия Алпысбаев
Есенберлиннің кітабы әлі күнге сөреде жатып қалған емес. Жұлдызы сөнбеген
жазушы деп осындай қаламгерді атар болар. Әсіресе 15 ғасырдан бергі
тарихымызды толғай жазған «Көшпенділер» Тәуелсіздік жылдарының
өзінде сан мәрте басылып лезде қолдан қолға тарап кетті. Ғалым Жайлыбай
М.Әуезовтен кейінгі қазақ әдебиетінің көшбасшысы. «Айқас»,
«Ғашықтар», «Маңғыстау майданы», «Көлеңкеңмен қорғай жүр». Бұл қажырлы қаламгер
халқына қалдырған шексіз мұраның бір бөлігі ғана. Жазушының 80,90,95 жылдықтары
атаусыз қалды. Енді ұлы тойды 100 жылдан күтеміз. 100 жылдықта үлкен дайындық
болатын шыған деп ойлаймын.
Қабдеш Жұмаділ
Есенберлин туындыларының өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші,
бір өзіміздің тарихымызды біле бастадық. Кенесарының кім екенін, Абылайдың кім
екенін біле бастадық. Біздің тарихи танымымызды оятты бұл кісі. Екіншіден,
интеллигенттік прозаны суреттеп бізге көрете білді.
Қуандық Түйменбай
Есте қалғаны, оның бізге деген
шексіз махаббаты, сауаттылығы мен әділеттілігі.
Дильфруза Есенберлина
Ұлы Отан соғысында жаумен, одан кейінгі ғұмырында
қазақ тарихын тұмшалаған даумен арпалысқан Ілияс Есенберлин қос майданда да Ұлы
жеңіске жетті. Әсіресе «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» сынды үш кітаптан
тұратын «Көшпенділер» трилогиясы қазақ санасындағы өрлікті көркем сөзбен оятты.
Тарихымызды танытты. Осы кітап үшін Есенберлин көрген озбырлықты, оған
Қонаевтың қалай қорған болғанын Әлжаппар Әбішев «Шерлі шежіресінде» анық жазған
болатын.
Құрметолла
Мұхаметханұлы
Комментариев нет:
Отправить комментарий